Астанадағы әскери мұражайда «Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты көрме ашылды

Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының әскери-тарихи мұражайы Қазақстан Суретшілер одағы және Өнер академиясымен бірлесіп Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған көркем көрме ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігі.
Тақырыптық экспозицияда танымал шеберлердің, еңбек сіңірген мәдениет және өнер қайраткерлерінің де, жас суретшілердің де жұмыстары қойылған.
– Өткенін ұмытқан халықтың болашағы жоқ дейді. Қазақстан халқы ерлікке толы өткен тарихын құрметтейді. Ел басына күн туғанда бір жарым миллионнан астам жерлесіміз қан майданға аттанды. Оның 600 мыңға жуығы бейбіт өмір үшін өз өмірлерін қиды. Бұл көрмеде көркемсурет мектебі оқушыларының шығармалары ерекше мәнге ие. Олар өз туындыларында ортақ тарихымызға, аға буынның қаһармандығына өздерінің шынайы көзқарасын көрсете білген, – деді Мәжіліс депутаты П. Казанцев.
Көрмені ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Қазақстан Суретшілер одағының басқарма мүшесі Мақсат Қаңтарбаев атап өткендей, іс-шара идеясы авторлардың соғыс туралы өз ойлары мен сезімдерін шығармашылық арқылы жеткізуге деген ұмтылысына негізделген.
– Өнер – бұл мүлдем бейтаныс адамдарды, тіпті бүкіл халықтарды біріктіретін көпір. Көрмеге қойылған картиналар адамзатқа бейбітшіліктің құндылығын жеткізіп қана қоймай, бізге Жеңістің қандай бағамен келгенін еске салады, – деп атап өтті Мақсат Қаңтарбаев.
Көрмеде портреттік жұмыстармен қатар, тарихи сәттер мен оқиғаларды бейнелейтін картиналар да қойылған. Олардың қатарында Манарбек Бурмагановтың «Ту тігу», Николай Гаевтың «За нами Москва», Юрий Поповтың «День Победы со слезами на глазах», Виктор Саенконың «Эвакуация», Асылмардан Қадырбаевтың «Кеңес Одағының Батыры Сұлтан Баймағамбетовтің ерлігі» және басқа жұмыстар бар.
Суретші Қырғызбай Қантарбаевтың сүйектен ойып жасалған «Ж. Жабаев», «Б. Момышұлы» портреттік бейнелері, сондай-ақ Сағидолла Ахтановтың Ұлы Отан соғысының батырлары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және Хиуаз Доспанова бейнеленген портреттік плакаттары да ерекше әсер береді.
Көрме бір ай бойы жұмыс істейді. Кіру тегін.