Шавкат Рахмонов UFC-дің экс-чемпионынан басым түсті

Essentiallysports порталы қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновтың UFC-дің бұрынғы чемпионы Леон Эдвардстан бір саты жоғары тұрғанына сенімді. Ол жартылай орта салмақтағы Белал Мұхаммедке қарсы титулдық жекпе-жекке негізгі үміткер ретінде қарастырылып отыр, деп хабарлайды AstanaNews.kz.
«UFC екі рет Мұхаммед пен Рахмонов арасындағы жекпе-жекті ұйымдастыруға тырысты, бірақ екеуінде де денсаулыққа байланысты қиындықтар болды. Рахмонов жанкүйерлер арасында өте танымал, кәсіби мансабындағы барлық қарсыласын (біреуінен басқасын) айқын жеңген, сондықтан титулдық жекпе-жекке лайық. Сондықтан Леон Эдвардс бұл жарыста кем дегенде бір саты төмен тұр. Дегенмен, егер ол келесі сенбіде Шон Брэдиге қарсы сенімді жеңіске жетсе, Шавкаттан кейін титулдық жекпе-жекке мүмкіндік алуы мүмкін», – деп жазады басылым.
Айта кетейік, Белал Мұхаммед 10 мамырда Монреалда (Канада) өтетін UFC 315 турнирінің басты жекпе-жегінде австралиялық Джек Делла Маддаленамен кездеседі. Бұған дейін UFC президенті Дана Уайт бұл жекпе-жектің жеңімпазы титулды Шавкат Рахмоновқа қарсы қорғайтынын мәлімдеген болатын. Қазіргі таңда Рахмонов UFC жартылай орта салмақ рейтингінде екінші орында тұр.