Қанша алматылық мопедін тіркеуге қойды?

Алматыда мопедті тіркеу науқаны басталғалы 1000-нан астам көлік жүйеге тіркелді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматының әкімшілік полициясы мопедті тіркеу науқаны басталғалы бері мыңнан астам мопед қолданушысының бұл процедураны орындағанын хабарлады: олар көлік құралының тіркеу нөмірін, техникалық төлқұжатын алды және басқа да жол қозғалысы қатысушылары сияқты заңды жауапкершілікке тартылады.
– Сонымен қатар мопед жүргізушілерінің А1 жүргізуші санаты болуы керек екенін еске саламыз. Осы жылдың 5 сәуірінен бастап мопедтерді механикалық көліктерге теңестіретін заңнамалық түзетулер күшіне енеді. Осы күннен бастап мопедтерді полицияда тіркелгеннен кейін және тиісті жүргізуші куәлігі болғаннан кейін ғана пайдалануға рұқсат етіледі, — деді Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасы Процессинг орталығының басшысы Айдын Меркімбаев.
Осы жылдың 5 сәуірінен кейін уәкілетті органда тіркеуден өтпеген және “А1” санатты жүргізуші куәлігінсіз мопедті басқарған мопед жүргізушілері ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 2-бөлігі, 590-бабының 2-1-бөлігі, 612-бабы және 797-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын және мопед мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылатынын еске салды. Жаза: 10 АЕК, 20 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе 1 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру.