Елімізде ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 518 мың гектарға ұлғаяды

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егіс науқанына дайындық мәселелері талқыланды. ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров баяндама жасады, деп хабарлайды AstanaNews.kz.
Оның айтуынша, өткен жылы Үкімет мақұлдаған егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі Жол картасын іске асыру биыл да жалғасады. Құжат ауыл шаруашылығы жалпы өнімін 2 есеге ұлғайту мақсатында әзірленген.
2025 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 23,8 млн гектар жерге орналастыру жоспарлануда. Бұл өткен жылдың деңгейінен 518 мың гектарға көп.
Биыл әртараптандыру бағдарламасы 1 млн гектарға жуық алқапты қамтиды. Осылайша, тиімділігі жоғары дақылдардың аумағы 750 мың гектарға артатын болады, оның ішінде майлы дақылдар алаңы 365 мың гектарға, азықтық дақылдар – 184 мың гектарға, арпа – 114 мың гектарға, қарақұмық – 41,5 мың гектарға, картоп – 15 мың гектарға ұлғаяды.
Бұл ретте бидай монодақылынан басқа дақылға ауысу бойынша ауқымды жұмыс жалғасуда. 2 жыл ішінде бидай алаңы 730 мың гектарға, соның ішінде биыл 159 мың гектарға қысқарды.
Министрдің айтуынша, қабылданған шаралар егістік құрылымын оңтайландыруға және ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының құбылуына байланысты тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта майлы дақылдар мен бұршақ дақылдары ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие болуда және олардың бағасы тұрақты жоғары деңгейде, бұл агробизнестің тиімділігін артады.
Мәселен, бидайдың орташа бағасы тоннасына 65-70 мың теңгені құраса, зығыр және рапс сияқты экспортқа бағытталған дақылдардың бағасы 200 мыңға дейін барады және одан да жоғары. Сонымен қатар бұршақ дақылдары топырақты азотпен байытатын бағалы алғы дақыл болып табылады және кейінгі дақылдардың өнімділігін арттырады. Бұл тек экономикалық ғана емес, экологиялық тұрғыдан да тиімді.
Мықты азықтық базаны қамту мақсатында мал азықтық дақылдарының алаңын 3,4 млн гектарға дейін жеткізу жоспарлануда. Майлы дақылдар алаңы 3,3 млн гектарға дейін ұлғаяды, бұл өңдеу кәсіпорындарын жүктеуге мүмкіндік береді. Жоспарланған алқаптар ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Егіс науқанын сәтті өткізу үшін жоғары сапалы тұқым материалын дайындау маңызды. Облыс әкімдіктерінің ақпараты бойынша 2025 жылғы егінге 2,3 млн тонна тұқым қажет, ол бүгінгі күні толығымен қамтамасыз етілген. 1,6 млн тонна тұқымның сапасына алдын ала сараптама жүргізілді. Кестеге сәйкес, 411 тонна тұқым толық сараптамадан өтіп, оның 99,5%-ы кондициялық деп танылды және егіс стандартының 1 және 2-сыныбына сәйкес келеді. Тұқымдарды жаппай тексеру наурыз айының соңына дейін аяқталады», — деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Жоғары өнімділік тек мемлекеттік стандартта көзделген талаптар сақталған жағдайда ғана мүмкін болады, оның ішінде негізгі параметрлерге өнгіштік пен өну энергиясы жатады.
Қазіргі уақытта тұқымның егіс сапасын сараптау жөніндегі қызмет бәсекелестік ортада, ал сараптау қызметтерін көрсетуші мемлекеттік сатып алу арқылы таңдалады.
Елімізде 10-нан астам зертхана аккредиттелген, алайда тек Қазагросараптаманың ғана шалғай аудандарда кеңейтілген желісі бар.
«2018-2022 жылдары Қазагросараптама сенімгерлік басқаруда болды, бұл салалық кадрлардың қысқаруына әкелді. Елдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін тұқым сараптамасының маңыздылығын ескере отырып, мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Теріс тәжірибені назарға ала отырып, Қазагросараптаманы жекешелендіру мәселесін қайта қарастыру қажет деп санаймыз. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы алғаш рет отандық тыңайтқыш өндірушілерге аванстық субсидиялау енгізілді. Бұл тетік тыңайтқыштарды шаруаларға қол жетімді етіп, тыңайтқыштарды пайдалану көлемінің өсуіне серпін берді», — деп мәлімдеді министр.
Аталған жұмыстың нәтижесінде, тыңайтқыштарды қолдану деңгейі алғаш рет ғылыми негізделген қажеттіліктің 40%-нан асты, ал алдыңғы жылдары ол 21%-дан аспаған болатын.
2025 жылы тыңайтқыштар енгізу жоспары 1,9 млн тонна немесе ғылыми қажеттіліктің 59%-н құрайды. Қазіргі уақытта тыңайтқыштарды өндірушілер мен жеткізушілер қоймаларда тыңайтқыш қорын жинау және келісімшарттар жасау бойынша жұмыс жүргізуде.
«Бүгінгі таңда қоймаларда 177 мың тонна тыңайтқыш бар. Өзіңіздің қолдауыңызбен Қаржы министрлігі Үкімет резервінен тынайтқыштарды жоспарланған көлемде субсидиялауға қосымша қаражат бөлу мәселесін қолдады. Алайда, қазіргі уақытта тыңайтқыштарды жеткізуге келісімшарттау жасау баяу жүргізілуде», — деп атап өтті Айдарбек Сапаров Премьер-министрге жауабында.
Оның айтуынша, әкімдіктер аталған бағыттағы жұмысты күшейтіп, қажет болған жағдайда шарттар жасасу үшін алаңдар ұйымдастыруы қажет. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштарды енгізу бойынша Жол картасы индикаторларының орындалуын қамтамасыз ету керек.
Бүгінгі таңда өңірлердің ақпараты бойынша техниканың дайындығы шамамен 75%-ды құрайды, жаппай егіс жұмыстарының басталуына қарай техника 100%-ға дайын болады. Әкімдіктер техниканы жөндеу жұмыстарын күшейтуге және машина-трактор шеберханаларының қызметіне ерекше назар аударуы қажет.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қолдау шараларының арқасында шаруалар 22 мың заманауи техника сатып алып, ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту деңгейі 5,5%-ға жетті. Бұл көктемгі егіс және егін жинау кезеңінде еңбек өнімділігіне тікелей әсер етеді. Осы ретте, биыл біздің алдымызда осы көрсеткішті 6,5%-ға дейін жеткізу міндеті тұр», — деді спикер.
Министрдің баяндамасында айтылғандай еліміздің ауыл шаруашылығы құралымдарында 140 мың трактор, 5,5 мыңға жуық жоғары өнімді егіс кешендері, 76,4 мың сепкіш, 220 мың топырақ өңдеу құралдары бар. Өңірлерге көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 401 мың тонна дизель отыны бөлінді, бұл өткен жылғы деңгейден 6,5%-ға (немесе 24,6 мың тоннаға, 2024 жылы − 376,4 мың тонна) көп.
«Энергетика министрлігімен бірлесіп дизель отынын тиеп-жөнелту бойынша облыстарды мұнай өңдеу зауыттарына бекіту кестесі бекітілді. Қазіргі уақытта облыс әкімдіктері шаруаларға дизель отынын жеткізу және өткізу жөніндегі операторларды айқындау бойынша конкурстық рәсімдерді жүргізуде», — деді ол.
2024 жылғы қарашада алғаш рет егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру іске қосылып, несие беру арналары кеңейтілді: осылайша, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы кредит алу мүмкіндігі пайда болды.
Осы орайда, егін науқанын сәтті және уақтылы жүргізу үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың несиелендіруге қатысуын жандандыру маңызды. Бүгінгі күні қаржыландыруға тек екі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация ғана тартылған, алайда олардың талаптарының оңтайлы болуына байланысты шаруалар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы қаржыландыру алуға мүдделі.
Қазіргі таңда егіс науқанын ерте қаржыландыруды ескере отырып, 1,3 мыңнан астам АШТӨ-нің өтінімі бойынша өтінімдер пулы 205,1 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 125,6 млрд теңгеге 900-ге жуық АШТӨ қаржыландырылды.
«Бұдан басқа, осы жылы жеңілдетілген лизингке 200 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр, бұл агросектордың өнімділігі мен тұрақтылығын арттыра отырып, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға қосымша серпін береді. Қаржыландыру осы айда басталады. Сөз соңында әкімдіктерге көктемгі егіс науқанына қолайлы жағдай жасау үшін уақытылы қар тоқтату және ылғал жабу жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын атап өткім келеді», — деді министр.
Сонымен қатар барлық агротехникалық іс-шаралардың уақтылы және дұрыс жүргізілуіне ерекше назар аудару қажет. Атап айтқанда, тұқым таңдау, егу мерзімдерін сақтау, тыңайтқыштарды пайдалану және басқа да қажетті шараларды қамту керек, соның ішінде:
— техниканың толық дайындығын қамтамасыз ету, оның ішінде жөндеу жұмыстары мен профилактикалық қызмет көрсетуді ұйымдастыру;
— дизель отынын уақтылы бөлуді ұйымдастыру;
— тұқымдық материалдың сапасына сараптама жүргізу мәселесін ерекше бақылауда ұстау;
— шаруалардың тыңайтқыштарды жеткізу бойынша келісімшарт жасау жұмыстарын жандандыру.
— егіс алқаптарын ғылыми негізделген әртараптандыру мәселесіне басымдық беріп, жоғары өнімді, құрғақшылыққа төзімді және нарықтың қазіргі талаптары мен климаттық ерекшеліктеріне сәйкес келетін дақылдарға көшуге назар аударған жөн.
«Көктемгі науқанды өткізу мәселелері Министрліктің ерекше бақылауында. Күрделі мәселелер барлық мүдделі тараптарды тарта отырып, Министрліктің жедел штабының отырыстарында қаралып, шешілетін болады», — деп түйіндеді Айдарбек Сапаров.