Астанада ерекше қажеттілігі бар жандарға қандай көмек көрсетіледі
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында ерекше қажеттілігі бар жандардың өмір сүруіне қолайлы болуы үшін қандай жағдай жасалып жатқаны туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Ерекше қажеттіліктері бар адамдармен, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен тұрақты түрде кездесіп тұрамын. Бірлесе отырып, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасаймыз. Кездесу барысында инватакси, медициналық көмек, пандустар, инфрақұрылым және т.б. мәселелер талқыланды.
Маңызды мәселе – инватакси. Жыл сайын біз арнайы техниканың санын да, қызметтерді сатып алу көлемін де арттырамыз. Сол сияқты биыл оңалтуға қажетті техникалық құралдарды (ОТК) жеке сатып алуға арналған соманы арттырамыз.
Сондай-ақ, биыл тағы үш оқушылар сарайын пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Олардың бәрінде бассейн болады. Аталмыш әлеуметтік нысандарға ерекше қажеттілігі бар балалар да бара алады.
Былтыр жол жұмысы кезінде мүгедектер арбасына арналған 150 пандус орнатылды, сонымен қатар Тұран даңғылының бойындағы жерасты жаяу жүргіншілер өткеліне («Хан Шатыр» СОО-ға қарама-қарсы) пандустар қойылды, Бараев және т.б. көшелердің бойында орналасқан жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі лифтпен жабдықталды.
Бұл жұмыстың барлығы ары қарай да жалғасады. Кездесуде көтерілген мәселелер де назарға алынды», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Bu gönderiyi Instagram’da gör