Елордада коммуналдық қызметкерлерге шай мен бауырсақ таратылды
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның еңбек ұжымы елорда көшелерін қардан тазалау жұмысына жұмылдырылған коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай мен бауырсақ таратты., деп хабарлайды AstanaNews.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Игі іс-шараға 20-ға жуық адам қатысты.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылды Жұмысшы мамандықтар жылы етіп жариялады. Осыған орай біз, яғни «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның қызметкерлері күн сайын кез келген ауа райында қалада жайлылық пен тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген жандарға алғысымызды білдірдік. Игі іс-шараға 20-ға жуық адам қатысты. Осылайша 60-70 адамға ыстық шай мен бауырсақ тараттық. Жалпы мұндай акцияларды біз жиі ұйымдастырып тұрамыз», – деді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Астана қаласы бойынша тасымалдауды басқарудың автоматтандырылған орталығының бағыттар бойынша аға диспетчері Санат Жүрсін.
Ал өз кезегінде елордалық коммуналдық қызметкерлер ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
«Уақыт тауып, осындай игі іс-шараны өткізген ұйымдастырушыларға рақмет. Қолға алған әрбір істеріңізге береке тілеймін. Халқымыз әрдайым ауызбіршілікте, татулықта болсын. Еліміз өсіп-өркендей берсін», – деді коммуналдық қызметкерлер.