Денсаулық

Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинациялау басталды: өңірлерге 2,1 млн доза жеткізіледі

Қазақстанда маусымдық тұмауға қарсы вакцинациялау науқаны басталды. Халықты тегін егу үшін 2,1 млн доза вакцина сатып алынды. Оның алғашқы 564 мың дозасы елге жеткізіліп, өңірлерге кезең-кезеңімен жөнелтіле бастады.

Вакцина қай өңірлерге жеткізілді

Қазір вакцина Алматы, Түркістан және Жетісу облыстарына, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларына жеткізілді. Вакцина келген медициналық ұйымдарда халықты иммундау жұмыстары басталып кетті.

Қалған өңірлерге вакцинаны 5 қазанға дейін жеткізу жоспарланған. Өңірлерге науқанды уақтылы бастау және нысаналы топтар үшін вакцинаның қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырылды.

Қандай вакцина қолданылады

Науқан үшін ресейлік өндірістің «Гриппол®️» вакцинасы сатып алынды. Оның штамдық құрамы алдағы эпидемиялық маусымға арналған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес келеді.

Кімдер бірінші кезекте тегін вакцина алады

Бірінші кезекте тұмауға және оның асқынуларына барынша осал топтарға тегін вакцина салынады. Оларға мыналар жатады:

  • медицина қызметкерлері;
  • диспансерлік есепте тұрған балалар;
  • жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті мен қызметкерлері;
  • эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша инфекция жұқтыру қаупі жоғары адамдар.

Неліктен вакцинаны қазанда салдырған дұрыс

Қазан айы – сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі басталмай тұрып вакцина салдыруға оңтайлы кезең. Вакцинадан кейін организмде иммундық қорғаныс қалыптасуы үшін біраз уақыт қажет.

Вакцинация тұмаумен ауыру қаупін азайтады. Ең бастысы, аурудың ауыр өтуі мен асқыну ықтималдығын төмендетеді.

Нысаналы топқа жататын азаматтарға вакцинация туралы ақпаратты алу үшін тіркелген жеріндегі медициналық ұйымға уақтылы барған жөн.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button