Саясат

Түркия елшілігі Демократия және ұлттық бірлік күнін атап өтті

Бүгін Астанадағы Түркия Республикасының Елшілігінде Түркиядағы Демократия және ұлттық бірлік күніне арналған ресми іс-шара ұйымдастырылды. Жиын 2016 жылғы 15 шілдеде орын алған мемлекеттік төңкеріс әрекетінің 10 жылдығына орайластырылған, деп жазады TuraNews.kz порталы.

Дипломатиялық өкілдікте өткен шараға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, қазақстандық мемлекеттік мекемелердің өкілдері, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссия басшылары, әскери атташелер мен журналистер қатысты.

Іс-шараның ресми бөлімі екі елдің мемлекеттік әнұрандарының орындалуымен және он жыл бұрынғы оқиғалар кезінде қаза тапқан азаматтарды бір минуттық үнсіздікпен еске алумен басталды. Шара барысында Түркия Республикасы Президенті Әкімшілігінің Байланыс басқармасы басшысы Проф. доктор Бурханеттин Дуранның бейнеүндеуі мен оқиғалардың хронологиясын сипаттайтын деректі фильм көрсетілді.

Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу өз сөзінде халықаралық қауіпсіздік пен лаңкестікке қарсы күрестегі ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Елші өз баяндамасында FETÖ (Фетуллахшы террорлық ұйымы) құрылымына қарсы халықаралық деңгейде қабылданып жатқан шараларға тоқталып, Қазақстан тарапының осы бағыттағы қолдауын атап өтті.

Жиын соңында қатысушылар назарына 15 шілде оқиғалары кезінде түсірілген тарихи суреттерден құралған арнайы фотокөрме ұсынылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button