Ақтөбеде «Ғылымға қадам 2.0» жобасының ресми жабылу салтанаты өтті

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің бастамасымен және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен жүзеге асырылған «Ғылымға қадам 2.0» жобасы өз мәресіне жетті.
Жоба өңірдің ғылыми әлеуетін арттыруға және ғылыммен айналысуға ниетті мамандарды қолдауға бағытталған «Ғылымға қадам» бастамасының жалғасы ретінде қолға алынды.
Алғашқы кезеңде жоба ғылыми ортадан түрлі себептермен қол үзіп қалған, алайда ғылыми қызметке қайта оралуды және докторантурада білім алуды жоспарлаған әйелдердің ғылыми-зерттеу құзыреттерін дамытуға бағытталды. Іріктеуден өткен 20 қатысушыға ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетіліп, нәтижесінде олардың екеуі докторантураға оқуға түсті. Сонымен қатар төрт қатысушы инновациялық ғылыми жобаларына патент алып, бірқатары республикалық және халықаралық ғылыми конференцияларға қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Жобаның екінші кезеңі Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен Мұғалжар аудандық білім бөлімі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында іске асырылды. Бұл кезеңде негізгі назар магистр дәрежесі бар мектеп педагогтерінің ғылыми-зерттеу құзыреттерін дамытуға, ғылыми мақала мен жоба әзірлеу дағдыларын қалыптастыруға аударылды.
Жобаға Мұғалжар ауданынан 30-ға жуық педагог қатысып, бір ай бойы ғылыми зерттеудің теориялық және практикалық негіздерін меңгерді. Қатысушылар зерттеу тақырыбын таңдау, ғылыми мәселені анықтау, ғылыми әдебиеттермен жұмыс істеу, зерттеу әдістерін қолдану, деректерді жинау және өңдеу, ғылыми нәтижелерді талдау мен рәсімдеу бағытында университет оқытушыларынан тәжірибелік білім алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба педагогтер тарапынан жоғары бағаланып, оның тәжірибесін облыстың басқа аудандарына да енгізуге қызығушылық байқалған.
«Ғылымға қадам» жобасының авторы – Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Лаура Қарабасова.



