«Байтақ» партиясы «Әділетке» саяси альянс құруды ұсынды

Елордада Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының ұйымдастыруымен «Мемлекеттілік – бұл билік емес, ұлттың болашағы үшін жауапкершілік» атты қоғамдық-саяси конференция өтті. Жиында саяси реформалар, ұлттық қауіпсіздік, ғылым, экология және экономикалық басқару мәселелері талқыланды.
Конференцияның басты жаңалығы – «Байтақ» партиясының Әділет партиясы партиясына «Самұрық-Қазына» қоры мен ұлттық компаниялардың қызметін бақылауға арналған парламенттік комиссия құру бойынша саяси альянс жасау жөніндегі ұсынысы болды.
Партия төрағасы Азаматхан Әміртаев жиынның жаңа Конституция аясындағы мемлекеттілік ұғымына арналатынын айтты. Оның сөзінше, Ата Заңда көрсетілген болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік пен табиғатты қорғау қағидалары ел дамуының негізгі бағытына айналуы тиіс.
Конференция барысында бірнеше сарапшы мен қоғам қайраткері баяндама жасады. Түлеп Балғымбаев азық-түлік қауіпсіздігін стратегиялық міндет ретінде атап өтті. Ал академик Мейірбек Молдабеков ғылымды экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналдыру қажеттігін айтты.
Технологияларды коммерцияландыру бойынша маман Арын Орсариев жасанды интеллекттің мемлекеттілікті нығайтудағы рөлі мен экология саласындағы технологиялық жобалардың маңызына тоқталды.
Жамаледен Ибрагим елдегі саяси реформалардың тиімді жүруі үшін дамыған көппартиялы жүйенің қажеттігін айтты. Ал Нұргүл Қадырбаева өндірістік аймақтардағы экологиялық мәселелер халық денсаулығы мен мемлекеттің қорғаныс қабілетіне тікелей әсер ететінін ескертті.
Сонымен қатар, Д.Р. Рахметуллин патриоттық жұмысты жетілдіру жолдары туралы баяндаса, Б.Р. Дусен жастар қанатының мемлекеттілікті нығайту бағытындағы қызметі жөнінде ақпарат берді.
Партияның атқарушы хатшысы Алмат Туртаев «Самұрық-Қазына» қорының қазіргі басқару моделін сынға алып, оны реформалаудың бірнеше бағытын ұсынды. Оның айтуынша, қор коммерциялық инвестордан гөрі «экономиканың аса ірі министрлігіне» айналып кеткен.
Алмат Туртаев реформаның алты бағытын атады. Олардың қатарында қорды бірнеше тәуелсіз құрылымға бөлу, меншік иесі мен реттеуші функцияларын ажырату, экономикадағы мемлекет үлесін қысқарту, халықаралық аудит енгізу және сатып алу жүйесін толық цифрландыру бастамалары бар.
Сөз соңында ол «Байтақ» пен «Әділет» партиялары арасында саяси альянс құруды ұсынып, оның мақсаты ұлттық байлықты қорғау және «Самұрық-Қазына» қызметіне тәуелсіз халықаралық аудит жүргізу болуы тиіс екенін айтты.
Конференция «Байтақ» партиясының парламенттік сайлау қарсаңындағы саяси-экономикалық ұстанымдарын жариялаған алғашқы ірі алаңдардың бірі болды.


