Басты жаңалықтарСпорт

Pee-Wee халықаралық турнирінің чемпиондары: астаналық жас хоккейшілер елге оралды

Елордалықтар Pee-Wee халықаралық турнирінің чемпиондары – Astana Team командасын әуежайдан ыстық ықыласпен қарсы алды. Жас хоккейшілер Канадада өткен беделді жарыстан алтын медальмен оралды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Канаданың Квебек қаласында өткен шайбалы хоккей турнирінде қазақстандық спортшылар финалға шығып, алаң иелерімен – канадалық командамен кездесті. Шешуші матч шиеленісті болып, Astana Team басым түсті. Нәтижесінде қазақстандық хоккейшілер турнирдің бас жүлдесін жеңіп алды.

«Балалар турнирге қыркүйектен бастап дайындалды. Сол айда іріктеу жасалып, команда құрамына елордалық №10 хоккей мектебінің 8 тәрбиеленушісі және Өскемен, Қарағанды және Алматы қалаларынан келген хоккейшілер кірді. Аталған сапарды Нockeydrems қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Олар осымен төртінші рет біздің команданы Канададағы халықаралық турнирге апарып жүр. Хоккейшілеріміз бұл жолы алты ресми матч өткізіп, барлығында жеңіске жетті.

Бұл турнирде 66 жыл ішінде хоккей державаларының өкілдері ғана жеңімпаз атанып келген. Олар – Канада, АҚШ, Ресей, Финляндия, Чехия және Швеция. Енді, міне бұл тізімге Қазақстан да қосылды. Біздің команда турнирге алғаш рет 2023 жылы қатысты. Өте қуаныштымыз. Бұл жеңіс – біз үшін үлкен жетістік», – деп атап өтті №10 балалар мен жасөспiрiмдер спорт мектебінің директоры Диас Маржықпаев.

№10 БЖСМ шайбалы хоккей командасының бапкері Владимир Матюхин келесі жылы да хоккейден элиталы топтар арасында өнер көрсетіп, онда да жоғары нәтиже көрсетуді мақсат тұтатынын айтып, қарсы алушыларға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ жеңімпаз спортшылар да Канада сапарынан алған әсерімен бөлісіп, құттықтаушыларға алғысын айтты.

«Бізді қонақжайлықпен қарсы алып жатқан елордалықтарға алғысым шексіз. Жарысқа бүкіл еліміздің атынан 2013 жылы туған ең мықты деген 20 ойыншыны жинады. Біз үшін хоккей Отаны – Канадада жақсы ойын өрнегін көрсетіп, алтын медальді елімізге әкелу – үлкен абырой», – деп жүрекжарды пікірін білдірді команда ойыншысы Мәулен Нұрдәулет.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Astana Team (2012 жылы туған ойыншылар) финалға жетіп, күміс медаль жеңіп алды, осы турнирде спортшыларымыз Қазақстанның жаңа рекордын орнатты.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button