Өткен мен бүгіннің «жасырын жіптері»: Ұлттық музейдегі бірегей көрме
Астана төріндегі мәдени диалог Елордадағы ҚР Ұлттық музейінде суретші Дария Нұртазаның (Kokonja) «SHAFT. Жасырын жіптердің археологиялық қазбалары» атты халықаралық көрмесі салтанатты түрде ашылды. Бұл жоба тоқыма өнерінің сан ғасырлық тарихын жаңаша қырынан ашып, көрерменді адамзат мұрасының терең қабаттарына үңілуге шақырады.
Көрменің ашылуына ҚР Ұлттық музейі директорының м.а. Сайран Дүйсенов пен Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу қатысты. Жоба Түркия Елшісінің жұбайы Аху Капуджу ханымның бастамасымен және бауырлас екі елдің Мәдениет министрліктерінің қолдауымен жүзеге асып отыр.
Көрме атауындағы «shaft» (шурф) термині жай ғылыми ұғым емес, тарихтың көмескі қалған белгілерін өнер тілімен қайта жаңғыртудың метафорасы. Кураторлар Мадина Серғазина мен Бауыржан Сағиев суретшінің туындылары арқылы Анадолы мен Орталық Азияның ортақ тоқыма мәдениетін археологиялық қазба секілді кезең-кезеңімен ашып көрсетуді көздеген.
Жобаның ауқымы кең: оған Түркияның Шанлыурфа, Газиантеп секілді тарихи өңірлерінің басқармалары, «Turkish Airlines», «Go Türkiye» бренді және «Coca-Cola» компаниясы қолдау білдіруде. Бұл көрме — бауырлас халықтардың рухани сабақтастығының жарқын көрінісі.
Көрме екі ай бойы Ұлттық музейдің 4-қабатында келушілерге есігін айқара ашады.



