Басты жаңалықтарБілім
Trending

Қазақ тілі курсы тыңдаушыларына сертификат табысталды

Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен қазақ тілі курсы тыңдаушыларына сертификат тапсыруға арналған салтанатты рәсім өтті.

Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Камералық залында өткен тағылымды шарада мемлекеттік тілді меңгеру жолында табандылық танытқан тыңдаушылардың бір жылдық еңбегі қорытындыланды. Салтанатты кеш барысында «Руханият» мекемесінің жыл бойы атқарған жұмыстары қамтылған есептік бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды.

Ресми құттықтау сөзбен Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Зиябекұлы Есіркеп сөз сөйлеп, қазақ тілі курсының тыңдаушыларына сертификаттар мен алғыс хаттарды табыс етті. Басқарма басшысы өз сөзінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатынын атап өтті.

Шара барысында 70-ке жуық тыңдаушы марапатталып, олардың тіл үйренуге деген ынтасы мен еңбегі жоғары бағаланды. Кештің көркін елімізге танымал әншілер Дос пен Эльдана Габерманның әсем әндері аша түсті.

Сондай-ақ «Руханият» мекемесінің басшысы Арман Шеризат тыңдаушыларға сертификаттар табыстап, мемлекеттік тілді оқыту жолында аянбай еңбек етіп жүрген орталық ұстаздарына шынайы ризашылығын білдірді.

Мазмұны терең, рухы биік өткен бұл шара мемлекеттік тілге деген құрметті арттырып, тыңдаушыларға жаңа серпін сыйлады.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button