Астанада түнгі клубтың маңында 18 жастағы жігіт қаза тапты
Жаңа жыл қарсаңында Астана қаласында түнгі ойын-сауық орындарының бірінде демалып жүрген 18 жастағы жігіт қаза тапты. Қалалық Полиция департаментінің (ПД) баспасөз қызметі бұл дерекке қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп жазады Zakon.kz.
Қайғылы оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланды. Кейбір қолданушылардың жазуынша, жігіт пышақ жарақатын алған.
2025 жылғы 29 желтоқсанда тілшінің ресми сауалына жауап берген ПД өкілдері аталған оқиғаны растады. Олардың хабарлауынша, жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
«Полиция қызметкерлері екі күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады», – деп хабарлады Астана қалалық ПД баспасөз қызметі.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, түнгі клубтардың бірінің маңында жастар арасында сөзге келіспей қалу орын алып, кейін жанжал төбелеске ұласқан.
«Соның салдарынан 18 жастағы азамат алған жарақаттарынан көз жұмды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда»,– делінген ПД хабарламасында.
Қорытындысында құқық қорғау органдары азаматтарға үндеу жасады:
«Ойын-сауық мекемелеріне барған кезде қоғамдық тәртіп талаптарын сақтап, жанжал туғызатын жағдайлардан аулақ болу қажет. Кез келген құқыққа қарсы әрекет үшін заңға сәйкес жауапкершілік көзделген».
2025 жылғы 26 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысының полициясы 1999 жылғы желтоқсанда Зайсан қаласында жасалған аса ауыр қылмыстың бетін ашқаны белгілі болды.



