Қызылордада мәдениет саласы қызметкерлеріне тұрғын үй салынып, 40 пәтер табысталды

Сыр өңірінде мәдениет пен руханият саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2022 жылдан бері 20 мәдениет нысаны жаңадан салынıp, ел игілігіне берілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, соңғы үш жылда өңірде 21 мәдениет нысаны бой көтерген. Олардың қатарында 9 ауылдық клуб, 7 «Руханият орталығы», сондай-ақ Анаға тағзым, Отбасы, Өнер орталықтары мен облыстық тарихи-өлкетану музейі бар.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл тағы 2 ауылдық клубтың құрылысы жүргізілуде. Аудандарда ашылған «Руханият орталықтарында» музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер мен аналар кеңесі, жастар, этномәдени бірлестіктер және үкіметтік емес ұйымдар үшін толық жабдықталған жұмыс кабинеттері қарастырылған.
Қалада «Отбасы орталығы» мен «Анаға тағзым» орталығы ашылып, мың орындық көпфункционалды «Өнер орталығы» шығармашылық кештер мен концерттер өтетін негізгі алаңға айналды.
Биыл Қызылорданың Қазақ АКСР-інің астанасы болғанына 100 жыл толуына орай 2,3 млрд теңгеге облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа, заманауи ғимараты салынды. Сондай-ақ Ассамблеяның 30 жылдығы аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК қолдауымен 3,8 млрд теңгеге бой көтерген «Достық үйінің» жаңа ғимараты жақын күндері пайдалануға беріледі.
Мәдениет саласының қызметкерлері үшін көпқабатты тұрғын үй салынip, 40 пәтер табысталды. Сонымен қатар симфониялық оркестр, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би және хор ұжымдары құрылды. Жыраулық дәстүрді дәріптейтін Жыраулар үйі ашылды.
Өңірде мәдениет, өнер және әдебиет өкілдерін қолдау мақсатында «Тұран» сыйлығын жыл сайын табыстау дәстүрге айналған. Бұған дейін Астана мен Алматы қалаларында өңірдің мәдениет және өнер күндері ұйымдастырылса, биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Абай және Шығыс Қазақстан өңірлеріне өнер сапары өтті.
Сондай-ақ сырбойылық өнерпаздар Наурыз мерекесі мен ұлттық салт-дәстүрлерді Испания, Финляндия, Эстония елдерінде таныстырды. Республика күніне орай Швейцарияның бірнеше қаласында мәдениет және өнер күндері ұйымдастырылды.



