Спорт

Қазақстан 2026 жылы FEI халықаралық жарыстарын өткізеді

Гонконгта өткен Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) Бас ассамблеясы барысында Қазақстан 2026 жылы үш халықаралық жарысты өткізу құқығына ие болды.

FEI шешіміне сәйкес, елімізде Әлем кубогының кезеңі, FEI World Cup Challenge финалы және Еуразиялық лига финалы ұйымдастырылады. Бұл қазақстандық спортшыларға өз елінде халықаралық рейтингтік ұпай жинауға және шетелдік жарыстарға қатысу шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

Қазақстан ат спорты федерациясы президентінің кеңесшісі Сергей Буйкевичтің айтуынша, бұл шешім елдегі ат спортының жүйелі дамуына серпін береді.
– Енді біздің спортшылар халықаралық ұпайды өз елінде жинай алады. Бұл жарыстарды жоғары деңгейде өткізу – басты мақсатымыз, – деді ол.

FEI президенті Ингмар де Вос Қазақстанда турнирлер өткізуді ұйымның халықаралық жарыстар географиясын кеңейту саясатына сәйкес келетін бастама деп атап өтті.

Ассамблея отырыстарында сонымен қатар спортшылардың қауіпсіздігі, жылқылардың әл-ауқаты, цифрлық ветеринариялық паспорт және ат спорты саласындағы басқару жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды.

Айта кетейік, Қазақстан 1993 жылдан бері FEI мүшесі болып келеді және ұйым жұмысына тұрақты түрде қатысып отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button