Салт атты ерлі-зайыптылар Астанаға жетті: Қытайдан басталған екі айлық сапар мәресіне жетті

2025 жылғы 21 қазанда Астана қаласына Қытайдан атпен шыққан саяхатшылар — Қуанбек Түсіпханұлы мен жұбайы Жайна Еркінқызы елордаға жетті. Тарбағатай өңірінен шыққан ерлі-зайыптылардың басты арманы – қазақ елінің жүрегі, бас қаласы Астананы көру болған.
Екі айдан астам уақыт бойы мыңдаған шақырым жол жүріп келген жұпты бүгін «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек арнайы қабылдап, құрмет көрсетті.
«Қуанбек пен Жайнаның бұл сапары – отансүйгіштік пен рухани байланыстың ерекше үлгісі. Ата-баба ізімен ат жалында жүріп, Елордаға жету — үлкен ерлік. Біз мұндай азаматтарды әрдайым қолдаймыз. Бұл сапар – Республика күні қарсаңында көңіл толқытқан ерекше оқиға болды», – дейді «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек.
Кездесу барысында партия өкілдері саяхатшыларға Астана қаласының дамуы мен елдегі жаңалықтар туралы айтып, естелік сыйлықтар табыс етті.
«Біздің армандаған Астанамыз – дәл осындай еңселі, көркейген, рухы биік қала екен. Ата жұртқа, қазақ еліне деген сағыныш пен құрмет – бізді жол бойғы қиындықтарға мойытқан жоқ. Ең бастысы – туған елдің топырағына табан тигізіп, жүрекпен сезіну», – деп ағынан жарылды Қуанбек Түсіпханұлы.
Жайна Еркінқызы да Елорда тұрғындарына көрсеткен құрмет пен қолдау үшін алғысын білдірді.
Айта кетейік, Қуанбек Түсіпханұлы мен Жайна Еркінқызы 2025 жылдың 8 тамызында Қытай Халық Республикасынан, нақтырақ айтқанда Тарбағатай аймағынан аттанып, екі айдан астам уақыт ішінде бірнеше өңірді артқа тастап, Елордаға жеткен. Бұл – қазақтың көшпелі мәдениетін жаңғыртып, ұлттық рухты дәріптеудің ерекше бір жолы.