Comic Con Astana-2025 фестивалі рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді. Фестиваль Астана қаласы әкімдігінің және «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының қолдауымен өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Биылғы фестивальдің ерекшелігі – конвент алғаш рет бірден екі ауқымды алаңда – «Астана Арена» мен «Барыс Аренада» қатар ұйымдастырылды. Бұл шешім шара ауқымын айтарлықтай кеңейтіп, келушілерге ерекше әсер мен жайлы жағдай ұсынуға мүмкіндік берді.
Жаңартылған мәліметтерге сәйкес, Comic Con Astana фестиваліне 75 000-нан астам бірегей келуші тіркеліп, жалпы қатысулар саны 120 000-нан асты. Бес күнге созылған шара барысында көрермендер саны күн сайын артып отырды: бірінші күні – 13,5 мың, екінші күні – 15,5 мың, үшінші күні – 14,5 мың, төртінші күні – 19,5 мың және соңғы күні – 12,2 мың адам.
Фестивальге 10 000-нан астам шетелдік қонақ қатысып, олардың келу географиясы 36 елді қамтыды. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Франция, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Тайланд, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Грузия, Молдова, Оман және тағы басқа елдер бар.
2019 жылы негізі қаланған Comic Con Astana аз уақыт ішінде Орталық Азиядағы ең ірі гик және поп-мәдениет фестиваліне айналып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлер мен креаторларды бір алаңда тоғыстырды.
Comic Con Astana-2025 фестивалінің басты хедлайнерлері қатарында Энди Серкис («Сақиналар әміршісі», «Маймылдар планетасы», «Бэтмен»), Эсай Моралес («Озарк», «Миссия невыполнима»), Скотт Эдкинс («Неоспоримый» фильмдерінің жалғасы, «Доктор Стрэндж») бар.
Арнайы шақырылған қонақтар қатарында «Қағаз үй» сериалын түсірген режиссёр Мигель Анхель Вивас, «Гойя» марапатының бес бірдей салтанатты рәсімін ұйымдастырған продюсер Эмилио А. Пина, танымал видеоблогерлер Marmok, Qewbite, Настя Джексон, Антон Милс және әлемге әйгілі косплей шеберлері Яя Хан мен Cinderys және басқа да көптеген жұлдыздар бар.
Фестиваль аясында Қазақстан мен Испанияның алғашқы бірлескен халықаралық жобасы – «Бітім» (La Tregua) фильмінің таныстырылымы өтті. Бұл жоба Netflix секілді жаһандық стриминг платформасына және халықаралық прокатқа арналған.
Авторлар аллеясында және жәрмеңке аймағында 150-ден астам қазақстандық суретші мен қолөнерші өз жұмысын ұсынды. Олар – түрлі жанрларда еңбек ететін жас таланттар. Comic Con Astana жас суретшілер, комикс авторлары, аниматорлар, дизайнерлер мен ойын әзірлеушілер үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын платформа ретінде өзін дәлелдеді, себебі олар осы жерде өз аудиториясын, серіктестерін және инвесторларын таба алады.
Фестиваль бағдарламасы да мазмұнды болды. Қонақтар жұлдыздармен автограф-сессияларға және Q&A кездесулеріне, гик-жәрмеңкелер мен мерч-зоналарға, шеберлік сағаттарына, азиялық поп-мәдениет аймағына, гейм-аймаққа, сондай-ақ жүздеген фан-активті шараларға қатыса алды. Басты сахнада шамамен 200 дарынды косплеер қатысқан халықаралық байқау өтті. Жүлде қоры – 15 миллион теңге. Бұл Comic Con Astana фестивалінің ТМД кеңістігіндегі ең ірі косплей алаңдарының бірі екенін тағы да дәлелдеді.
Жалпы, астаналық Comic Con аймақтық деңгейде эталонға айналып, Орталық Азия мен ТМД аумағындағы халықаралық студиялар үшін басты жобаларын таныстыру алаңы ретінде танылды.
Фестиваль продюсерлері – Бексұлтан Абдрахманов пен Наталья Абрашкина осылайша, Астана әлемдік деңгейдегі іс-шараларды қабылдап, жоғары деңгейде ұйымдастыра алатын заманауи әрі серпінді мегаполис ретінде өз орнын нығайта түскенін айтады. Бұл қаланың халықаралық мәдени және іскерлік ареналардағы мәртебесін едәуір арттырып отыр.
Comic Con Astana – бұл тек аймақтағы ең ірі гик-фестиваль ғана емес, сонымен қатар туризм мен қалалық бизнесті дамыту құралы, қазіргі жастар мәдениетін кең аудиторияға танытудың тәсілі, әрі әртүрлі ұрпақтарды біріктіретін көпір.
Фестивальдің бас продюсері Наталья Абрашкина тарқатқандай, Comic Con-ға көбінесе отбасымен келеді. Бұл – ата-аналарға балаларының қызығушылықтарын түсініп, сол мәдениетті бірге сезінуге мүмкіндік береді.
«Біздің фестиваль – жастар мәдениетін көпшілікке таныстырудың жолы. Сонымен қатар, жас авторлар мен креаторларға өзін көрсетуге мүмкіндік алаңы. Ата-аналар үшін бұл – балалардың нені ұнататынын көрудің, олардың қызығушылықтарымен ортақтасудың жолы», – деді ол.
Алдын ала бағалау бойынша, Comic Con Astana-2025 фестивалінің жалпы медиалық қамтуы 200 миллион адамнан асты. Бұл Астананың Еуразиядағы креативті астана ретіндегі беделін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қала поп-мәдениет жанкүйерлері үшін әлемдік тартымды орталығына айналып келеді.