Қазақстан Әскери-әуе күштері күнін атап өтуде
2 шілде – Қазақстанның Әскери-әуе күштерінің құрылған күні. 1998 жылы Әскери-әуе күштерін құру туралы директива қабылданып, әскери авиация ауқымды міндеттерді атқара алатын заманауи және қуатты құрылымға айналды, деп хабарлайды AstanaNews.kz тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Әуе күштері – елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басты қорғаныс саласының бірі. Қазіргі таңда ұшу бөлімшелері жаңа әскери техникалармен жабдықталған. Олардың қатарында көпфункционалды Су-30СМ мен Су-27 жойғыштары, L-39 оқу-жауынгерлік ұшақтары, Ми-171Ш және Ми-35М тікұшақтары, сондай-ақ Airbus Military компаниясының А-400М ұшағы бар.
Қазақ әскери ұшқыштарының кәсібилігі мен жанқиярлығының жарқын көрінісі – 2024 жылғы көктемде орын алған су тасқыны кезінде байқалды. Қиын метеожағдайға қарамастан, әуе күштері елді мекендерден тұрғындарды эвакуациялап, шұғыл көмек көрсетті. Бір ай ішінде 600-ге жуық рейс орындалып, 3,5 мыңнан астам адам құтқарылды. Сонымен қатар, 2 мыңға жуық маман және 280 тоннадан астам гуманитарлық жүк тасымалданды.
Бұл жұмыстардың соңында тек ұшқыштар ғана емес, инженерлік-техникалық құрам, байланысшылар, метеорологтар мен азаматтық сала қызметкерлерінің де ерен еңбегі тұр.