6ELUCCI тобы мен бетперделі жігіт «стилін» өзгертуге мәжбүр

Мұндай қадам қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға және құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Осылайша, кешеден бастап елімізде қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін жауып жүруіне тосқауыл қойылды. Яғни, адамны тануға кедергі келтіретін киімді киюге ресми түрде тыйым салынды.
Десе де, кей жағдайларда бұл тыйым қолданылмайды:
– Қазақстан заңдары талаптарын орындау кезінде;
– Қызметтік немесе еңбек міндеттерін атқару барысында;
– Медициналық мақсатта;
– Азаматтық қорғау кезінде;
– Күн райының қолайсыздығына байланысты;
– Спорттық, бұқаралық спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысу кезінде.
Бұл норма тиісті заңға енгізілген өзгерістер аясында заңдастырылып отыр.
Айта кетейік, 10 маусым күні Сенатта «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» заңға қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім элементтерін киюге тыйым салуды көздейтін түзету ұсынылған болатын. Аталған бастама жұмыс тобының отырысында көтеріліп, талқыланды.
Бұл жаңалық шыққан бетте қазақстандықтар қап-қара маска киіп ән айтатын 6ELUCCI тобы мен бет-жүзін көрсетпей, аты-жөнін айтпай, қайырымдылық жасап жүрген бетперделі жігітті бірден есіне алды. Заң аясында енді олар да маскасын шешіп, «стилін» өзгертуге мәжбүр болмақ.