Қоғам

Астанада 50-ге жуық кәсіпкер жетекші сарапшылардан білім алды

Астанада өткен Shell LiveWIRE бизнес-конференциясы отандық кәсіпкерлерге бизнес жүргізудің жаңа тәсілдерін меңгеруге мүмкіндік берді. Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) мен Shell компаниясының қолдауымен ұйымдастырылған іс-шараға 50-ге жуық шағын және орта бизнес иелері қатысты.

Конференция аясында қатысушылар бизнесті кеңейту, мықты бренд қалыптастыру және командамен тиімді жұмыс істеу тәсілдерін үйренді. Сарапшылар нақты кейстермен бөлісіп, тікелей қарым-қатынас форматында тәжірибелерін жеткізді. Бұл өз кәсібін дамытып жатқан кәсіпкерлер үшін аса құнды тәжірибе болды.

Шараның басты мақсаты – ел экономикасының тұрақты дамуына үлес қосып отырған шағын және орта бизнесті қолдау. Қатысушылар нарықтағы тұрақсыздық жағдайында бизнесті жаңа деңгейге көтерудің жолдарын талқылады.

Shell LiveWIRE – Қазақстанда 2018 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан, кәсіпкерлерге қаржылық емес қолдау көрсететін бағдарлама. Ол елдегі кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, экономиканы әртараптандыруға бағытталған. Конференцияда қатысушылар стратегиялық бренд-менеджмент, заманауи ұрпақтармен (X, Y, Z) тиімді жұмыс істеу және масштабтаудың нақты әдістерімен танысты.

«Қазақстанның батыс өңірлеріндегі кәсіпкерлікті қолдау – біздің тұрақты әрі инклюзивті экономика құру стратегиямыздың маңызды бөлігі. Shell LiveWIRE арқылы кәсіпкерлерге инновация енгізу мен нарыққа бейімделу жолдарын үйретеміз», – деді Shell Қазақстан компаниясының корпоративтік байланыстар жөніндегі директоры Айгүл Барменқұлова.

Бағдарлама соңғы 8 жылда 2600-ден астам кәсіпкерге қолдау көрсеткен. 2024 жылы ғана 122 кәсіпкер 23 тәжірибелі ментордан жеке кеңес пен оқыту алды. Shell LiveWIRE тек білім беру бастамасы ғана емес, сонымен қатар кәсіпкерлікті жүйелі түрде дамытуға бағытталған кешенді қолдау платформасы саналады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button