Орталық Азия — Қытай форумы: бірқатар құжатқа қол қойылды

Бүгін елордада «Орталық Азия — Қытай: Энергетика» форумы аясында Қазақстанның Энергетика министрлігі бірқатар компания өкілдерімен құжаттарға қол қойды.
— Форум аясында бірқатар маңызды құжатқа қол қойдық. Басты мақсат — бірлескен зерттеу орталықтарын ашу. Энергетика саласында баламалы қуаттардың артуына байланысты бізге саладағы жүйені тиянақты жоспарлау маңызды. Баламалы және жаңартылатын энергия үлесі артқан сайын интеграцияда цифрлық технологияның рөлі артты. Сондықтан бұл бағытта Қытайдың энергетикалық компанияларың әлемдік деңгейде көш бастап келеді. Осы орайда бірлескен жұмыстарға ерекше назар аударып отырмыз, — деді ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс форум кезінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, бұл ретте Қытай технологияларын пайдалану, мамандарды даярлау, бірлескен кәсіпорындарды Қазақстанда салу ескерілген. Осы кәсіпорындар жаңартылатын энергия жабдықтарын Қазақстан аумағында жасауға бағытталады.
Форум аясында қол қойылған негізгі құжаттар:
1. POWERCHINA-мен арадағы келісім — өндірісті жергіліктендіру, ғылыми-зерттеу орталығын құру және көміртексіздендіру қорын іске қосу бойынша стратегиялық әріптестік.
2. China Southern Power Grid-пен арадағы меморандум — HVDC, цифрлық энергетика және гидроаккумуляциялық станциялар саласындағы бірлескен жобаларды дамыту.
3. Huawei Kazakhstan-мен арадағы меморандум — энергетиканы цифрлық трансформациялау және киберқауіпсіздік саласында ынтымақтастық.
4. China Energy Overseas Investment-пен «Сауран» күн электр стансаы жобасы бойынша келісімшарт — Түркістан облысындағы күн электр станциясына қатысты.
5. QazaqGaz және China Construction Bank арасындағы келісім — QazaqGaz инвестициялық жобаларын қаржыландыру.
6. CNCECI-мен арадағы келісім — жылына 2 млрд текше метр газ өңдеуге арналған көмірхимиялық зауыт жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу.
7. Sinopec-пен арадығы келісім –терең өңдеу өнімдерін жасау үшін технологиялық серіктестік.
8. China Energy International және Шанхай Цзяотун университетімен келісім — сутегі технологиялары мен ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастық.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордада «Орталық Азия — Қытай: Энергетика» форумында ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов саладағы жобалар туралы айтты.
Сонымен қатар форум барысында «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов 2035 жылға қарай елімізде 32 ГВт жаңа электр станцияларын қосу жоспары бар екенін айтты.