ChatGPT Қазақстанда ҚҚС төлейтін болды

2025 жылдың мамыр айынан бастап ChatGPT Қазақстанда қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуші болып тіркелді. Бұл туралы Zakon.kz хабарлады.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, Қазақстанда 2022 жылдан бері цифрлық қызметтерге арналған салық, яғни «Google салығы» сәтті енгізілген. Бұл шара ел нарығында жұмыс істейтін трансұлттық ІТ-компанияларға әділ салық салуда маңызды қадам болды.
Жасанды интеллект саласындағы жетекші американдық ұйым әрі ChatGPT интеллектуалдық жүйесін жасаушы OpenAI, L.L.C. компаниясы жаһандық цифрлық платформалармен өзара әрекеттесуді жетілдіру аясында 2025 жылдың мамыр айынан бастап шартты түрде тіркелді.
ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, «Енді Қазақстан аумағындағы жеке тұлғаларға қызмет көрсеткені үшін ChatGPT Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес қосылған құн салығын төлейтін болады.» Комитет цифрлық секторда ашықтықты қамтамасыз ету, заңнаманы сақтау және тиімді салық салу бағытында жұмысын жалғастырады.