Белгілі ғалым Сейіт Қасқабасов өмірден өтті

Белгілі әдебиеттанушы, фольклортанушы ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сейіт Қасқабасов өмірден өтті. Қаралы хабарды Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты баспасөз қызметі жеткізді.
Сейіт Асқарұлы Қасқабасов 1940 жылы 24 маусым күні Семей қаласында дүниеге келген. 1947 жылы Семей қаласының Жаңасемей бөлігіндегі №5 орта мектепке оқуға барады.
1970-1981 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінде ғылыми хатшысы, әрі «Қазақ КСР Ғылым академиясының Хабарлары» атты журналының жауапты хатшысы болды.
1981-1983 жылдары – Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтында аға ғылыми қызметкер.
1983 жылдан Алматыдағы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында аға, жетекші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген.
1989 жылы Мәскеу Мемлекеттік университетінде «Қазақ халық прозасының жанрлары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған.
1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде консультант қызметіне тағайындалып, әдебиет және өнер саласына жауапты болған және саяси репрессияға ұшыраған Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов,М.Жұмабаев, М.Дулатов, т.б. арыстарымызды ақтау жұмысына қатысып, қажетті құжаттарды дайындаған.
1990 жылы Орталық Комитетте жаңадан құрылған Саяси процестер социологиясы орталығын басқарған. Мұнда сондай-ақ Идеологиялық комиссиясының мүшесі әрі Орталық жетекшісі ретінде кезінде қате қабылданған көптеген саяси-партиялық құжаттардың күшін жою және жазықсыз тыйым салынған ақын-жазушылар мен қайраткерлерді ақтау қажеттігі туралы Жұмыс тобын басқарған.
1991 — 1992 жылдары Қазақстан Президенті мен Қазақстан Министрлер Кабинетінің Аппаратында Мәдениет секторының жетекшісі, Білім, ғылым және спорт, жастар ісі бөлімінің орынбасары болған.
1992 жылы Қазақстан Жоғары Аттестациялық Комиссиясының төрағасына тағайындалып, ЖАҚ-ты құрып, ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтарды беруге және ғалымдарды аттестациялау-ға қажетті Ережелерді жазған.
1993 жылы ТМД елдері Жоғары Аттестациялық Комиссияларының Ассоциациясын құрып, оның төрағалығына сайланған.
1994 — 1997 жылдары – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында институт директорының орынбасары, Қолжазба және текстология бөлімінің меңгерушісі.
1997 — 2001 жылдары Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Еуразия» ғылыми орталығын, шығыстану факультетін ұйымдастырып, басқарған, қазақ фольклоры мен әдебиет тарихы бойынша дәріс оқыған.
2001-2011 жылдары М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры қызметін атқарды.
2011 жылдан бастап Институттың «Фольклортану» бөлімінің меңгерушісі және бас ғылыми қызметкер ретінде қызмет атқарды.
«Казахская волшебная сказка» (1972), «Қазақтың халық прозасы» (1984), «Родники искусства» (1986), «Колыбель искусства» (1990), «Казахская несказочная проза» (1992), «Абай және фольклор» (1995), «Золотая жила» (2000), «Жаназық» (2002), «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу. Қыз Жібек. Қазақтың ғашықтық жырлары» (2003), «XV-XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті» (2005), «О фольклоре и не только» (2005) «Елзерде» (2008) сияқты монографиялар мен зерттеулер кітабының және 300-ден аса зерттеу жұмысының авторы.