Басты жаңалықтарҚоғамСаясат

Депутат TikTok-ты шектеуді ұсынды: әсері атом бомбасынан кем болмай тұр

TikTok-ты кәмелеттік жасқа толмаған балалардың пайдалануына қатаң шектеу қою керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан мәлім етті, деп жазады Kazinform агенттігі.

— Бүгінгі таңда балалардың әліппесі – әлеуметтік желі, емізігі – TikTok, бесік жыры – Instagram десек артық болмас. Адамзат баласын отырғызып-тұрғызған осы құбылыстардың әсері – әсірелеп айтсақ атом бомбасынан кем болмай тұр. Сөз жоқ, қазір – ақпараттық ғасыр. Әлеуметтік желілер өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Пайдалы жағы да жоқ емес. Алайда, ұлттық тәрбие мен дәстүр-салтымыздың уықтарын талқандап, ақыл тоқтатпаған, жақсы мен жаманды әлі толық ажыратып үлгірмеген балалар мен жасөспірімдерді меңдуана жегендей меңіреу әлемге бастап бара жатқан жағдайдың алдын алмасақ опық жейміз, — деді Ж. Әшімжан Премьер-министр Олжас Бектновтің атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, балалар мен жасөспірімдер арасында TikTok кеңінен танымал. Соңғы екі жылда 14,1 млн қазақстандық тіркеліпті. Бұл желінің негізгі тұтынушылары да – сол бесіктен белі шықпаған балалар мен жастар. Онда пайдалы контенттен гөрі, жастарға теріс әсер ететін зиянды ақпараттар өріп жүр. Құмар ойындарды жарнамалау, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, боқауыз сөздер, порнография, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді теріс әрекеттерге шақыратын лас ақпараттар осы TikTok арқылы таралып отыр.

— Жасөспірімдердің TikTok-тан көргенін қайталап, жағымсыз қылық пен әдепсіз іске үйір болып бара жатқаны да жасырын емес. Мәселен, «Мысық серуені» деп аталатын челленджді мыңдаған жас қайталаса, оған қатысушылар подиум моделіндей көшеде өтіп бара жатқан адамдардың алдында жүруі тиіс. Мән-мағынасы жоқ челлендждің қаралымы 500 миллионнан асқан. Расында, қазіргі таңда ұрпақ тәрбиесімен тікелей әлеуметтік желілер айналысып келеді. Соның салдарынан ұлттық құндылықпен сусындамаған жас ұрпақ өсіп келеді. Осыны ескеріп әлем елдері мұның одан әрі етек алуына жол бермеу мақсатында Тик-Токқа шектеу қою немесе ондағы контентке бақылауды күшейтуді қолға алып жатыр, — деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда жеделдетіп TikTok-қа шектеу қою мәселесін қарастыру керек. Өйткені, TikTok-ты шамадан тыс қолданудың психологиялық әлеуметтік және академиялық салдары, баланың санасы мен денсаулығына кері әсері аз емес. Тіпті, офтальмолог дәрігерлер телефонға телмірген балалардың арасында кейінгі бес жылда көз аурулары күрт көбейгенін жариялаған.

— Сондықтан ұрпағымызды TikTok-тан келер азғындықтан арашалап қалу үшін осы мәселені тағы көтеруімізге тура келіп отыр. Сондықтан, Үкіметке келесі шараларды қолға алуды ұсынамын. Біріншіден, TikTok-тағы әдепке, ұлттық құндылықтарға, дәстүріміз бен салтымызға қайшы келетін, балалардың санасын улайтын, теріс әдеттерге шақыратын барлық контентке шектеу қою керек. Екіншіден, елімізде TikTok-ты кәмелеттік жасқа толмаған балалардың пайдалануына қатаң шектеу қою немесе мүлдем тыйым салу тетіктерін қарастыру қажет деп есептеймсіз, — деді Жанарбек Әшімжан.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button